К основному контенту

Абай — ұлы ақын әрі ойшыл

     Абай өзінің өлеңдерін бала кезінен жаза бастады. Бірақ ол ақын ретінде алғаш рет XIX ғасырдың 80-жылдарының орта кезінен бастап таныла бастады. Бұл кезде Абай өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шілде болғанда...») деген өлеңін жариялаған болатын. Абай — «Ескендір», «Масғүд», «Әзім әңгімесі» поэмалары мен этикалық-философиялық еңбегі «Қара сөздерді» жазды. Ақынның 1890-1898 жылдар аралығында жазылған «Қара сөздерінде» XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының болмысы зерделенді.
     Ақынды қатты алаңдатқан жағдайлар қазақтардың жаппай кедейленіп, қайыршылық халге түсе бастауы, патша үкіметі шенеуніктерінің шектен шыққан озбырлығы, жергілікті болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдігі болды. Ол өзінің өлеңдерінде жақын туыстарына көмек қолын созбайтын сараң байларды өлтіре сынады.
     Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Өзінің кейбір замандастарының бойындағы жаманшылық мінездерді — жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жеріне жеткізе әшкереледі. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды:

«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде».

      Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын еді. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзімен көрді. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестері қайыршылық халге душар болған еді. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткішке жетті. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшілері, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезіп кеткендер де көп еді.
    Абай қазақтарды мал өсірумен қоса сауда жасауды, белгілі бір кәсіп түрімен шұғылдануды үйрену қажеттігіне баса назар аударды. Орта Азия тұрғындарының кәсіп түрлеріне үлкен ілтипатпен қызыға қарады. Ол былай деп жазды: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаган шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари (яғни қала адамдары болып. — авт.) жауласпайды. Орысқа қарамай тұрганда қазақтың өлісінің ахыреттігін (кебінін. авт.), тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды».
     Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрді, байлардың қарапайым халыққа менсінбей қарауы оның ашу-ызасын келтірді. Қоғамды прогресшіл түрде дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Абай ел басқаруға халық үшін қызмет ететін, адал адамдар сайлануы тиіс деп есептеді. Ол өз төңірегіндегі адамдардың, жақындары мен шәкірттерінің бойындағы өз халқына риясыз берілгендікті, оның мүдделерін қорғау қасиеттерін қолдап отырды.
     
     Абай және халық ағарту ісі
     Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, ғылым-білім үйренуге шақырды.
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге...
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз,
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой -
Бес асыл іс көнсеңіз..., - деп жастарды бес нәрседен — өсектен, өтіріктен, мақтаншақтықтан, еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуга, бес асыл іске — талап етуге, еңбекті суюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауга шақырды.
     Абай жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол былай деп айтты: «Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын».
      Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылыммен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.
      Абайдың пікірінше, адам болу үшін оның бойынан үш түрлі фактор табылуы тиіс. Біріншіден, баланың шыққан тегі жаксы болуы керек, екіншіден, оның әлеуметтік жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, ушіншіден, балаға адамгершілік тұрғысында тәрбие берілуі қажет. Абай парақор билеушілерді, ашкөз судьяларды, надан молдаларды әшкерелеп отырды. Халықтың игілігіне жету жолындағы Бұл қырсықты ғылым мен білім аркылы ғана жоюға болады деп есептеді. Ол жастарға үздіксіз еңбек етіп, білім алуды міндет етіп қойды. Білім алуға жұмылған еңбек әрқашанда жемісті және ізгілікті болатынын қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол — оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді.

Комментарии

Популярные сообщения из этого блога

Абайдың Қазақстан тарихында алатын орны

       Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді.     Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктем

АБАЙДЫҢ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ ТАПСЫРҒАН ЗАТТАРЫ

1. Абай үйінің жиһазы     Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің орыс досы Н.И.Долгополов арқылы қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырады. Олардың ішінде қазақ киіз үйлерінің жабдықтары: түскиіз, алаша, сырмақ, үй ішіне төсекаяқ, жүкаяқ, асадал, қалмақбас; қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары: қобыз, домбыра; ұста саймандары: көрік, төс, балға; қару-жарақтар: найза, айбалта, шоқпар, шиті мылтық және кісе белдік, сондай-ақ басқа да түрлі этнографиялық заттар бар. Сол заттардың ішінен Абай тапсырған заттардың он жетісі 1964 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Абай мұражайының қорына өткізілді.   Бүгінде Абай қорық-мұражайының құнды жәдігері, Абай тапсырған заттардың бірі, ақын үйінің жиһазы – кебеже. Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП – 1378, өлшемі: биіктігі – 79 см, ұзындығы – 61 см, ені – 52 см.   Кебеже - қазақ халқының қол өнерінің ішінде, өнер т

АБАЙДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІН КӨРГЕН ҰРПАҚТАРЫ

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Кеңес Одағында тоталитарлық режим орнығып, ұзақ жылдар сталинизм зобалаңы дәуірледі. 20-30 жылдары Қазақстанды басқарған Н.Ежов, Ф.Голощекиндер жүргізген саясат рухани дамуға көп зиян келтірді. Ең алдымен, сергелдеңге қазақ халқының оқыған зиялылары түсті. Бас көтерер азаматтардың бәрі қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың ішінде Абай ұрпақтары, туыстары да болды.   Тұрағұл Абайұлы (1876 – 1934) – Абайдың Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан сауат ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс сайлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған. 1917-1920 жылдары ол Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі қызметтер атқарған. Тұрағұл бала жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан Абайдың әрбір өлеңі қай кезде қа