К основному контенту

Поэмалары

Ескендір
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары - оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Филипп өлді, Ескендір патша болды,
Жасы әрең жиырма бірге толды.
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.
Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бәрін де бодам1 қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.
Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
Сол күнде қошеметші айтады екен,
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.
Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті.
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
Алдынан шыға алмады ешкім мұның,
Бәрін де алды, қорқытты жолдағының.
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,
Жер жүзін жеке билеп алмақшының.
Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына құдай салды қиын істі.
Сандалды сар далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.
Мысалы, астындағы ат о дағы ұшты,
Ескендір де атының жалын құшты.
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.
Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Түсе сала Ескендір басты қойды,
Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым-ақ.
Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,
Сол суға балықты алды бір жудырып.
Исі, дәмі өзгеше болып кетті,
Таң қалды мұның бәрін суға жорып.
Ескендір қолына айтты: «Бұл неткен су?
Бәрің де ішіп, бұл суға бетіңді жу!
Бір бай елден осы су шыққан шығар,
Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.
Бұл салқын, тәтті суға қаныңыздар,
Шақ келер маған жан жоқ наныңыздар.
Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,
Талқан қылып шаһарын алыңыздар!».

Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей,
Шаһарына жеткенше дамыл көрмей.
Көкпеңбек темір киген өңкей батыр
Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды.
Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,
Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой?
Дел-сал болып бәрі де қайта шықты,
Алысып әл келмесін байқаған ғой.
Долдықпен хан Ескендір ашуланды,
Ашуланып қақпаға жетіп барды.
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
- Қақпаны аш! - деп барынша айғай салды.
Қақпаның ар жағынан біреу келді,
Күзетшісі сол екен, дыбыс берді.
- Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,
Бұл - құдайға бастайтын қақпа, - деді.
- Білмесең, мен Ескендір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген.
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,
Қорлығым өзім тауып, көз көрмеген.
- Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!
Іші тар, көре алмастың біреуі - сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.
- Талпынған талаппенен мен де бір ер,
Көп жүрдім, кездей келді көрмеген жер.
Ең болмаса, халқыма көрсетейін,
Сый қылып, белгі болар бір нәрсе бер.
Қақпадан лақтырды бір орамал,
Сыйым - осы, падиша, мынаны ал!
Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,
Апар дағы ойланып, көзіңді сал!
Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта салды.
Қараса, ішінде бір қу сүйек,
Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.
Ашуланып, сыйына болды кекті,
- Ең болмаса білмеді сый бермекті.
- Осы менің теңім бе? - деп ақырып,
Лақтырып жіберді сол сүйекті.
Жолдасы Аристотель ақылы мол,
Лақтырған сүйекті алады сол.
Ханға айтты: «Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол».

Сол күнде Аристотель жеке дара,
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара:
- Таразыны әпкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!
Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,
Таразыны құрдыртып, ортаға алды.
Қанша алтынды күміс пен салса дағы,
Бір кішкентай сүйекті аудармады.
Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды,
Бар қаруын алтынға қоса салды.
Енді қайтер екен деп қарап еді,
Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.
Аристотель хәкімге патша келді:
- Мына сүйек қазынаның бәрін жеңді.
Бұл сүйекті басарлық, нәрсе бар ма?
Ақылыңмен ойланып тапшы! - деді.
Хәкім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
Ескендір мұны көріп аз тұрады,
Хәкімді аулақ жерге шақырады.
- Таң қаларлық іс болды мұның өзі,
Мәнісін айтып берші, - деп сұрады.
- Бұл - адам көз сүйегі, - деді ханға.
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.
Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.
Сый сұрадың, бергені - бір қу сүйек,
Мұны көріп,алыңыз сіз де ғибрат!
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.
Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,
Мұны бір өзге сөздің бірі деме.
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас кезің толар деп қайғы жеме.
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең,нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!

Масхұт
Я, Алла, құрметіне достың Махмұт,
Тілге яр бер, білінсін тұғры мақсұт.
Һаруан-Рашид халифа заманында
Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт.
Шаһардан бір күн Масғұт шықты тысқа,
Барды ма кезі келіп бір жұмысқа?
Бір ұры бас сап тонап жатқан жерде
Кез болды бір бишара шал байғұсқа.
Шал байғұс айғайлайды аттан салып,
Айырып алған жан жоқ оны барып.
Кім де болса, бір ерлік қылайын деп,
Масғұт ұшты ұрыға оңдайланып.
Масғұтты ұры шапты қылышпенен,
Тәуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен.
Есен-аман шал дағы құтылыпты,
Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.
Масғұтқа келді әлгі шал көзін тіктеп,
Көрсе, бастан ағып тұр қан дірдектеп.
Мұның қарызын мен де өтеп кетейінші
Жігіт қой ер көкірек, жау жүрек деп:
- Ей, жігіт, не қылсаң да, ер екенсің,
Көргейсің ерлігіңнің берекесін.
Себеп боп мені ажалдан сен айырдың,
Маған қылған қарызыңды алла өтесін!
Бай емен, батыр емен, хан емеспін,
Атақты артық туған жан емеспін.
Себеп болып айырдың мені ажалдан,
Жақсылықты білмейтін шал емеспін.
Мен - бір шал дүниеде жиһан кезген,
Ертең түсте кетемін шаһаріңізден.
Ертерек пәлен жерден тосып тұрып,
Алып қал бір базарлық, жаным, бізден.
Пұл үшін қызықпассың, сен де - бір ер,
Сені маған кез кылған пәруардигер.
Бір құданың хақы үшін мен тілеймін,
Қабыл көр, сертім үшін қолыңды бер!
- Ұрыға жібермедім мен намысты,
Кім бұлдар мұндай-мұндай қылған істі.
Алла хақы деген соң амал да жоқ,
Барайын, - деп уәде етіп қол қағысты.
Ол жерге ерте тұрып жігіт барды,
Шал да душар алдынан бола қалды.
Қолынан ұстап алып, ертіп барып,
Далада бір бұзылған тамға апарды.
Барса, тамда бір гүл тұр солқылдаған,
Басында үш жеміс бар былқылдаған:
Бірі - ақ, бірі - қызыл, бірі - сары,
- Таңдап ал, мен берейін бірін саған.
Ағын жесең, ақылың жаннан асар,
Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,
Егерде қызыл жеміс алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар.
Ол жігіт шал сөзіне құлақ салды,
Көзін төмен жіберіп, аз ойланды.
Ақ пен сары екеуін алмаймын деп,
Қызыл жеміс жеймін деп қолқа салды.
- Мен беремін, танбаймын айта тұра,
Өкінбесең түбінде жүре-бара.
Ақ пен сары екеуін алмағаның
Мәнісін айтсаң екен, жаным, сірә.
- Мен болсам егер ағын жемек дедім,
Ақылды болдым елден бөлек дедім.

Мен ақылды билемен не қылсам да,
Ақыл мені билесе керек дедім.
Ақылды жан табылмас маған сырлас,
Көріне тентек көп надан мойын бұрмас.
Әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды
Көре тұра, көңілде тыныштық тұрмас.
Адам дертті болмай ма құса тартып,
Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып.
Ептеп бағып, есерге ем таба алмай,
Тәтті тамақ жей алман дәмін татып.
Сарыны жеп, мен болсам байдың өзі,
Аузына тамам жанның болдым сөзі.
Пәленшеден бір нәрсе алсақ-ау деп,
Тігілер жан біткеннің маған көзі.
Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшін,
Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін.
Не қылса да, надандар алмақты ойлар,
Мал антұрған күйдіріп елдің ішін.
Еңбексіз мал дәметпек - қайыршылық,
Ақылды ерге ар болар ондай қылық.
Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма?
Пайда ойламай қылады кім татулық?
Берсең, қалар оларда несі ардың?
Бермесең, сен дағы ит бірге болдың.
Не өзің ит, немесе бар елің ит,
Дауасыз бір пәлеге міне қалдың.
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп едім бір пайдасы маған тиер.
Еркектің еркек адам болса қасы,
Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы?
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?
Тегінде адам басы сау бола ма?
Бойында тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?
Соны ойлап, қызыл жеміс мен таңдадым,
Берсеңіз, жемек болып бел байладым.
Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ,
Басында-ақ ойлап тегін абайладым.
Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын:
- Ендеше тауып айттың, же, шырағым.
Ақыл, дәулет әуелден өзіңде екен,
Өміріңмен артылсын, жаным, бағың!
Бұл шал бөтен шал емес, қыдыр2 еді,
Ебін тауып даруға кезі келді.
Сөзіне, ақылына, қылығына
Разы болғаннан соң, бата берді.
Сол Масғұт қыдыр шалдан бата алыпты,
Соңында Шәмсі-жиһан атаныпты.
Мағынасы: «бұл дүниенің күні» деген,
Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты.
Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,
Жалғанның дәмін бұзып, қауіп қылғызған
Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,
Арашашы іздепті қатын, қыздан.
Ендігіге не сұрау бұл жалғанда?
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда.
Сол Масғұт халифаға уәзір бопты,
Тарқатыпты алдынан көп пен топты.

Бағанағы қыдыр шал бір уақытта
Түсіне аян беріп жолығыпты.
- Ей, балам, пәлен күні жауын жауар,
Сол жауынның суында кесапат бар:
Жеті күн жынды болар суын ішкен,
Жеті күн өткеннен соң және оңалар.
Ол судан тамам суға су құйылар,
Сел болып, судың бәрі кесел болар.
Ертерек таза судан су жиып ал,
Бұл - хабарым, сақтансаң, жаным, жарар.
Бұл сөзбен халифаға Масғұт барды,
Хабарын естіген соң хан да аңғарды.
Айтқан кезі жақындап келген шақта,
Ертерек таза судан құйып алды.
Болған соң уәделі күн, жауын жауды,
Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды.
Күні-түні шуласып, таласады,
Ұмытты тамақ жеу мен және ұйықтауды.
Бұлар шулап бір күні келді ордаға,
Хан мен уәзір қарайды тамашаға.
Бәрі де есі шығып, жынды болған,
Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға.
Ол халқының алдына жақын барды
Сөз айтып әрбір түрлі, ақыл салды.
- Бір кеселге, байғұстар, жолығыпсың,
Үйіңе бар ұқтаңдар! - деп шығарды.
Олар шықты есіктен ханға өкпелеп,
Көшеде шулап және жылаған көп:
- Хан мен уәзір ақылдан айрылыпты,
Өлтірейік екеуін, жынды екен, - деп
Өлтіргелі ордаға қайта жүрді,
Бұлардың сөзін естіп хан да көрді:
- Бұрынғыдан мұнысы қиын болды,
Ойбай, уәзір, ақыл тап, қайттік? - деді.
- Құтылар хал болмады мына дудан,
Біз де ішпесек болмайды жынды судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған.
Екеуі жынды судан ішіп салды,
Құтырып көп алдына жетіп барды.
Өңкей жынды байқамай айтыппыз деп,
Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.
Сонымен бет-бетімен тарқап кетті,
Әйтеуір тарқайтұғын уақыт жетті.
Көрдің бе көп тентектің қылған ісін -
Еріксіз есті екеуін есер етті.
Көптің бәрі осындай, мисал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең.

Әзім әңгімесі
Бір сөзім Мың бір түннен оқып жүрген,
Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.
Болыпты ағайынды екі жігіт,
Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.
Екеуі жетім еді әкесі өлген,
Талаптан жетеміз деп, бос жүрмеген.
Тігінші, кестеші еді кіші інісі,
Мұстапа суретшілік ғылым білген.
Екеуі екі айрылмақ қамын жеген,
Бір шетке кетпек болып жұрт көрмеген.
Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып,
Серт қылып, бір-біріне уәде берген.
Екеуін екі жаққа тағдыр бөлген
Жандар емес қатерден әсте именген.
Шынмашынға1 Сапасы кете тұрсын,
Мұстапа Балсураға2 бұрын келген.
Мұстапа - бойдақ, кедей біраз тұрған,
Кәсібін күннен-күнге тәңрі оңғарған.
Аздан соң қатын алып, үй салғызып,
Шаһарда сенімдінің бірі болған.
Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған,
Қағазға өрнек жасап, сурет ойған.
Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп,
Молдалар оның атын Әзім қойған.
Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті,
Сонан соң медресеге барып түсті.
Аз жылда жақсы ғылым нәсіп етіп,
Жас жігіт жүзі нұрлы, көңлі масты.
Оқудан шыға ұстады ата өнерін,
Асырды атасынан әрбір жерін.
Сол күнде ажал жетіп, Мұстапа өліп,
Жыртық-жетім болмады ол жас өрім.
Атаның харекетін ұстай алды,
Өнері артық шығып, жан таң қалды.
Алушылар көбейіп мұның ісін,
Бұрынғыдан артылып мал құралды.
Бір күні ләпкесінде отыр еді,
Торғын тон, алтын кемер бір шал келді.
Не қылса бір құрметті адам ғой деп,
Әзім тұрып, иіліп сәлем берді.
Сәлемін алды, шал да амандасты,
Қасына жуық келіп жақындасты.
- Жат жердің адамы едім, е, шырағым,
Не харекет қыласың? - деп сұрасты.
- Жасымнан жетім едім көңлі сынық,
Өнерім артық емес ондай ұлық.
Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін,
Харекетім - суретші, бояушылық.
- Мінезің, түсің жақсы надан дерге,
Артық өнер қиын ба талапты ерге?
Тесілген күні бойы сендей жасты
Аяймын, өнімі жоқ бұл өнерге!
Бұл сөзге Әзім тұрып ашуланды,
- Тұрпайы сөйлейсіз, - деп қарай қалды.
Атамның харекетін қорлама, бай,
Аш емен, болмасам да сендей малды.
- Қорламаймын һәм, балам, зорламаймын,
Тесілген күні бойы сені аяймын.
Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем,
Мысты алтын жасаушы ем, алдамаймын.
Шын өнерге қайтер ең көзің жетсе?
Әркімге жарамайды мұны үйретсе.
Өзі үлкен, өзі оңай, артық өнер,
Аз жұмыспен көп алтын хасил2 етсе.
Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп,
Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп.
Ертең ерте мысыңмен дайын болып,
Көңліңнің дәркүмәнін алшы шешіп.
Әуелі хақтығына жетсін көзің,
Серт қылдым ғой үйретпек болып өзім.
Ертең ерте сол жерден табыспаққа,
Екеуі уәде байлап, қойды сөзін.
Шал кетті, аң-таң бала үйге қайтты,
Көргенін апасына келіп айтты.
Химия ғылымы бар дейтін, сүйтсе дағы
Анасы басын шайқап, ішін тартты.
- Апар да мыс бақырды алдына сал,
Алтын болса, болады бір талай мал.
Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,
Жәдігөй боп жүрмесін антұрған шал.
Бала айтты: - Тәңрім қақса, бенде не етер,
Жалған болса, білінер, қор боп кетер.
Шын болып, уәдеге бармай қалсақ,
Ғапылдықтан айрылған ызасы өтер.
Не қылса, сол күн бала шала ұйықтайды,
Өтірік, расын ойланып таба алмайды.
Мыс бақырын қолына алды дағы,
Лапкеге күндегіден ерте барды.
Шал дағы дереу дайын бола қалды,
Бір дорбадан көмір мен көрік алды.
Екеуі сәлемдесіп болғаннан соң:
- Мысың қайда, балам? - деп дігір салды.
Мыс бақырды сындырды талқан қылып,
Көмірге салды мысты, дүкен кұрып.
Мыс былқылдап еріген кезінде шал
Шөншіктен ұсақ қара алды қырып.
Алды да ол дәрісін, мысқа салды,
Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.
Бір нәрсемен азырақ бұлғалақтап,
Алтын қып суынған соң қолына алды.
Алтынын алып берді қолындағы:
- Сарапқа сал бар даға шәрыңдағы
Алтын емес деп біреу айтса, балам,
Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.
Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,
Менің сөзім шын болса тәңрі оңғарып,
Сонау бақша ішінен табылармын,
Егер мені іздесең көңліңе алып.
Әзім ұшты алтынды ала салып,
Не байларға көрсетті мұны апарып.
- Самородный сары алтын екен ғой, - деп,
Кім көрсе, айтады аң-таң қалып.
Үш мың үш ділдаға кетті сатып,
Шешесіне ап келді таңырқатып.
Шешесі: - Сол кісіні шақыр! - деді, -
Кетсін, - деп, - үйімізден дәм-тұз татып.
Бағанағы бақшаға Әзім келді,
Жолықты шал да, сонда отыр еді.
- Ей, ата, қылған ісің рас екен,
Қонақ боп, біздің үйден дәм тат, - деді.
Қос уыс ділда берді Әзімге шал:
- Сенің ортақ малың, - деп, - мендегі мал.
Шешілісіп, сырласып отыралық,
Әр түрлі қымбат баға ішкілік ал.
Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,
Нашалы4 боламыз ғой сөйлеп шалқып.
Анаңды да бір жерге жібер, балам,
Сырымды үйрете алман бойым тартып.
Күн батпай біттей алаң болма бізге,
Қас қарая келермін мен де сізге.
Ішіп, жеу арасында сөйлер сөз көп,
Ол үйде жан болмасын сенен өзге!
Әзім кезді базарды аз тентіреп,
Әр түрлі ішкілікті алды күреп.
Алтынды көргеннен соң, анасы да
Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.
Арақ, жеміс - әр түрлі нығмет5 дайын,
Қуанды алтын қолға кірген сайын.
Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,
Оңаша безендіріп тұрды жайын.
Көз байлана сып етіп шал да келді,
Әзім де есік ашты, дайын еді.
Әзімді баласына балағандай,
Жайнаңдап жарқын жүзбен үйге кірді.
Шал кіріп үйді тегіс аралады,
Бір Әзімнен басқа жан таба алмады.
Біротала бейілді беріп алған,
Әзім де бұл қылықты шам алмады.
Хош уақытсып сөйлейді шал барқылдап,
Қол қусырып Әзім тұр, сөзін тыңдап.
Асын жеп, қолын жуып болғаннан соң,
Әпкел деп ішкілікті қойды ымдап.
Бар іс қой әуелден-ақ ел салтында,
Орыс, неміс болса да, қай халқың да.
Пайда деп тән саулыққа ішетұғын,
Миуадан тартқан хамір6 ас артында.
Подносқа бөтелкемен арақ толды,
Бір-екі жақсы рюмке дайын болды.
Жоқтан барды сөйлесіп, сауқым салып,
Алысты пияланы оңды-солды.
Жайма-шуақ сұм шалдың іші мықты,
Алғашқы ішкен Әзімге тез-ақ шықты.
Бір аяқ қолдан қолға дегенсініп,
Жәдігөй стаканға дәру тықты.
Онысы түн ортасы болған заман,
Сұм екен талай жанды әуре қылған.
Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң,
Әзім барып жығылды шалқасынан.
Сонда шал терезеден бір ысқырды,
Төрт жігіт табыт алған үйге кірді.
Әзімді сол табытқа салды дағы,
Төртеуі көтеріп ап тысқа жүрді.
Әзімді мас қып алып, шал кенелді,
Есікті жабамын деп аз бөгелді.
Артын жым-жырт қылды да, антұрған шал
Төртеуін ертіп алып, тез жөнелді.
Теңіздің жағасында қалың қамыс,
Ішінде бір кеме бар шалға таныс.
Әзімді сол кемеге салды дағы,
Тұмсығын бұрып алды шетке шалыс.
Қасында жиырма-отыз жолдасы бар,
Қаладан таң атқанша кетіп алыс.
Ел тұрды, ертең кемпір үйге кірді,
Бала жазым болғанын іші білді.
Зар ұрды, ойбай салды, не бітірсін,
Тұра тұр, өзге жайын сұрама енді.
Әзім есін жиыпты ертең түсте,
Өз басын көрді қауіп-қатер істе.
Қол-аяғы байлаулы жатыр жалғыз,
Темір шетік қапас боп тұрды үсте.
Ырғалып орнынан ол әрең тұрды.
Түрегеліп антұрған шалды көрді.
- Ақсақал адам мұндай қыла ма екен,
Анамнан мені айырып бұл нең? - деді.
- Көзіңді аш, есіңді жи, енді ойнама,
Мені сен өз діндесің деп ойлама!
Мен отқа шоқынамын, дініме көн,
Менде бардың бәрінен қауіп ойлама!
Егерде көнбей қалсаң, наданшылық,
Әр күні сізге дайын бір жүз шыбық.
Мың жаның болса дағы құтылмайсың,
Табылмас енді менен майда қылық.
Бала айтты: - Дінім үшін жаным құрбан,
Жаннан қорқып, отыңа мен бас ұрман.
Дінім хақ, ісім ақпын, өлсем шәйіт,7
Қорқады деп үмітті үз сен антұрған.
Баланың бар киімін шешіп алды,
Жүз қамшы арқасына дүре салды.
Қыңқ етіп бір дыбысты шығармады,
Азырақ талмаусырап, нашарланды.
Мұнысын жаратпады қадір сұбхан,
Көк бұзылып, жер жүзі болды топан.
Байлаулы бала жайға қала берді,
Кемемен әуре болды көп антұрған.
Түн бойы ұйықтамады бір де мызғып,
Су сарылдап құйылды кемені ырғап.
Отыз құлы таусылды табанынан,
Су төгіп таң атқанша ол сарпылдап.
Отыз құл ақылдасты басты қосып,
Өлеміз деп ойлады жаннан шошып.
Бір шеттен бір жағаға келе жатқан
Кәрі иттің ұстай алды алдын тосып.
- Ақсақал, іс қыласыз ойланбастан,
Жаннан қорқып қашпаушы ек қара тастан.
Құдай сүймей, бұл істі бізге салды,
Қолын шеш, ризалық ал мына жастан.
Қолын шеш, ризалық ал, кісенді бұз,
Шапсаң айт, көнесің бе, уақыт тығыз.
Бұл сөзге көнбей қалсаң, ақыр өлдік,
Сені суға тастаймыз отызымыз!
Сонда шал мына сөзге аң-таң қалды,
Не қыларын біле алмай, аз ойланды.
Пішінін отызының байқаған соң,
Баланың қол-аяғын шешіп алды.
Мойнынан шырағым деп құшақтады,
Көзінің ағып жасы, бұршақтайды.
- Шырағым, мастықпенен қылыппын, - деп,
Әуелгі сөзден танып және алдайды.
Әзім жас, ақ бейілдеу адам еді,
Ойлады: өтірік болса, неге именді?
Мастықпен қылса, қылған шығар-ау деп,
Іс көрмеген жастықпен және сенді.
- Мастықпен қылған болсаң, кештім саған,
Кәрі ит те: - шырағым - деп арсаңдаған.
Жел тынып, күн айығып баяғыдай,
Хикметімен тоқтатты бір жасаған.
Баланы сыйлап жатыр тамақ қамдап,
Су төккісіз жорға боп шал жылмаңдап.
Отыз құл мынау тек жан емес қой деп,
Әлінше қызметінде жүр тырбаңдап.
Бір мезгілде шал айтты: - Балам, тоқта,
Мысты алтын қылатын дәрі осы жақта.
Алыс емес, аз күндік жақын жерде,
Болмай ма молықтырып ап қайтсақ та?
Бала айтты: - Өзің біл! - деп бұл сөзіне,
Шал қуанды тиген соң ерік өзіне.
Төбесінен тік тұрып қылды қызмет,
Титтей шәргез келмейді мінезіне.
Сып етіп бір жағаға келді жетіп,
Шал жөнелді, баланы қасына ертіп.
Бір барабан тұр екен, қағып еді,
Қамады желмаялар дүбірлетіп.
Үш желмая ұстады жорығына,
Бірінің азық артты қомдығына.
Екеуіне ер ерттеп мініп алып,
Барабанды қалдырды орынына.
Желмаялар келеді желдей есіп,
Сұм шалдың бір тарапты көзі тесіп.
Шал айтады балаға: - Көрдің бе? - деп -
Бұлт тұр бұлдыраған елеңдесіп?
Ол өзі - бұлт емес, Қаптың тауы,
Бір бөлек үлкен таудың бергі бауры.
Бергі таудың басында сол дәрі бар,
Қырандай ап қайтармыз жібек баулы.
Түні бойы жүріпті, болды сәске,
Көрінді жарқыраған үйдей нәсте.
- Бұл не? - деп сұрап еді, тұра қашты,
Биттей аял қылмады кәпір әсте.
- Бұл не? - деп тағы да айтты Әзім сорлы,
Қашқаның не қылғаның мұнша ғұрлы?
- Шырағым, мұның өзі қатерлі жер,
Бұл бір қаскөй жәдігөй дәудің орны.
Соны айтты да, шал сабап жүре берді,
Бір өзен жатыр екен, соны өрледі.
Өзенді өрлегеннен бір айрылмай,
Дәл бесінде ұшыртып тауға келді.
Келді де бір жартасқа түсе қалды,
Азық артқан маяны жарып салды.
Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,
Өкпе-баурын тазалап, бәрін алды.
Сонда шал Әзімге арқан, қанжар берді,
- Маяның ішіне еніп, сен жат! - деді, -
Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,
Тау басында самұрық бізді көрді.
Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,
Маяны іліп алып, биікке өрлер.
Бір жерге қонғаннан соң жар-дағы шық,
Именіп адамзаттан ұшып кетер.
Тау басында бар қара ұсақ топырақ,
Қапқа толтыр кешікпей жылдамырақ.
Қап толған соң арқанға байлап жібер,
Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.
Сонан соң арқаныңды тасқа байла,
Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.
Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,
Жарамайды, қылмасаң сүйтіп айла.
Қап алды, қанжар алды сонда Әзім,
Сөзінің ұқты бәрін қылмай жазым.
- Шырағым, айтқанымды жаңылма, - деп,
Барынша қылып жатыр шал да тағзым.
Әзім де бөгелмеді бойын тежеп,
Талабы, тәуекелі сондай-ақ көп.
Тәңірінің бір жазғаны екі болмас,
Маяның ішіне енді тәуекел деп.
Маяның кетіп қалды ішін тігіп,
Шалекең жасырынды талға кіріп.
Аспаннан самұрық келіп, іліп алып,
Қайқайып қайта шықты бір-ақ ырғып.
Маяны самұрық қонды тасқа апарып,
Ер Әзім шыға келді ішін жарып.
Адамзатты көрген соң бұдан шошып,
Отырды самұрық құс аулақ барып.
Жалтаңдап Әзім шықты тау басына,
Тапты топырақ, толтырды дорбасына.
Қап толған соң, арқанға мықтап байлап,
Тау басынан жіберді атасына.
Жіберді әлгі қапты жерге атып,
Антұрған шал дәулетке қалды батып.
Қап жерге түскеннен соң, дінсіз кәпір
Арқанды алып кетті жұла тартып.
Айрылып арқанынан Әзім қалды,
- Арқанды неге алдың! - деп, айғай салды.
- Талайды осы тауға тастағанмын,
Соның бірі болдың - деп, кете барды.
Сұм шалдың дінсіздігін сонда білді,
Қарамай, бір қайрылмай, жүре берді.
Кәпірдің қайрылмасын білгеннен соң,
Жүгіріп жалтыр тастан жол іздеді.
Көрді, білді ол таста жолдың жоғын,
Сонан соң қамдап бақты қарны тоғын.
Азырақ жеміс тауып жеді дағы,
Көрмекке жата кетті хақ бұйрығын.
Күн де батты, бір жерге Әзім жатты,
Күн батқан соң жан-жағы салдыр.
Қараса қаптап жүрген бәрі айдаһар,
Сонда да біраз жатып ұйықтап қапты.
Ұйықтап кетіп, шошынып тез оянды,
Жұтқалы көрді келген айдаһарды.
Не де болса тәуекел қылды дағы,
Қанжармен қақ басынан шауып қалды.
Өзі де бір тарапқа ыршып кетті,
Бір биік ағаш көрген, соған жетті.
Биік жерде болайын деді дағы,
Сол түні ағаш басын мекен етті.
Әр-бері жатты-дағы, ұйықтап қалды,
Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.
Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,
Өзі шапқан таныды айдаһарды.
Ойлады тірі болса кетпес пе еді?
Өлген ғой мына айдаһар деп ойлады.
Ағаштан түсе қалып айдаһарға,
Қолына қанжар алып жетіп барды.
Көрді, білді айдаһар тірі емесін,
Тәңірі ұзын жаратқан сом денесін.
Қанжармен таспадай қып тіліп алып,
Аз ұқалап кептірді жон терісін.
Жалғап-жалғап, бір ұзын арқан етті,
Ер Әзім осылайша талап етті.
Бір ұшын тасқа байлап жібергенде,
Түсетұғын орнына әбден жетті.
Ер Әзім тәуекел қып жаннан күсіп,
Арқаннан ұстады да, кетті түсіп.
Қарақат жеп, мойыл жеп, судан ішіп,
Өзенді құлдады да жүгірді ұшып.
Үш қонып, төртінші күн белден асты,
Ол күні алтынды үйге душарласты.
Тау басынан түсірген тәуекелмен
Сол үйге кірмек болып қадам басты.
Қақпадан кірді ішкері қадам басып,
Бір үйінен өрледі бір үйге асып.
Тілдесерге еш адам жолықпады,
Төрдегі үйге кірді есік ашып.
Екі сұлу қыз отыр төрдегі үйде,
Ондай сұлу көрген жоқ бүтін елде.
Екі қыз шатраш ойнап, білмей қалды,
Кірді де тұра қалды орта жерде.
Екі қыз мұны көрді бас көтеріп,
Адамзатқа таңырқап, тұрды елеріп.
- Ей, жігіт, түсің жақсы жан екенсің
Жүр едің жәдігөйге не қып еріп?
Сөйледі Әзім дағы аянбай-ақ:
- Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ.
Әуелде өзі көрген бар қысаны
Сөйледі бірін қоймай бастан аяқ.
Екі қыз естіп білді Әзім жайын,
Есіркеп, мүсіркейді айтқан сайын:
- Сен бізге бауыр болып, тұр осында,
Не керектің қылалық бәрін дайын.
Құп болсын, олай болса, апаларым!
Дүниенің тартып жүрмін жапаларын.
Сағынсам, өз еліме жеткізе ме,
Айтсаңыз, мархаматты аталарың?
- Көңілді бос суытпа біздей қыздан,
Сізге уәде біздерге тәңірі айтқызған.
Шыдағанша шыдап бақ қасымызда,
Қайтпағың келер біздің қолымыздан.
Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,
Достықпен жүрек еріп тәуір еттік:
Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,
Еліңе жеткізуге біз де жеттік.
Құп болады десті де, серт байласты,
Қатты-қатты айтысып уағдаласты.
Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен
Тым жақын дос болуға ыңғайласты.
Күн жаңғырып, бойына қуат енген.
Алтынды үйдің ішінде еркеленген.
- Жан-жағын қалай сайран қылсаң еркің,
Жалғыз-ақ бір есікке кірме, - деген.
Екі қыз кетіп бір күн, қалды Әзім,
Салған жоқ қыздар оның көңліне ажым.
Тал түсте бағанағы кірме деген
Есікке кіріп кетті - бар ма лажың?
Кірсе, ар жағы дөңгелек қалың ағаш,
Ішінде бір қауыз бар ернеуі тас.
Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,
Салтанатын түгендей айтып болмас.
Тас ернеуі - меруерт, ол көрінген,
Кеткісі келмес жанның мұны көрген.
Ер Әзім тамашалап қарап тұрса,
Бір түрлі таңғажайып құстар келген.
(Аяғы бітпей қалған)


Комментарии

Популярные сообщения из этого блога

Абайдың Қазақстан тарихында алатын орны

       Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді.     Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктем

АБАЙДЫҢ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ ТАПСЫРҒАН ЗАТТАРЫ

1. Абай үйінің жиһазы     Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің орыс досы Н.И.Долгополов арқылы қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырады. Олардың ішінде қазақ киіз үйлерінің жабдықтары: түскиіз, алаша, сырмақ, үй ішіне төсекаяқ, жүкаяқ, асадал, қалмақбас; қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары: қобыз, домбыра; ұста саймандары: көрік, төс, балға; қару-жарақтар: найза, айбалта, шоқпар, шиті мылтық және кісе белдік, сондай-ақ басқа да түрлі этнографиялық заттар бар. Сол заттардың ішінен Абай тапсырған заттардың он жетісі 1964 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Абай мұражайының қорына өткізілді.   Бүгінде Абай қорық-мұражайының құнды жәдігері, Абай тапсырған заттардың бірі, ақын үйінің жиһазы – кебеже. Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП – 1378, өлшемі: биіктігі – 79 см, ұзындығы – 61 см, ені – 52 см.   Кебеже - қазақ халқының қол өнерінің ішінде, өнер т

АБАЙДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІН КӨРГЕН ҰРПАҚТАРЫ

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Кеңес Одағында тоталитарлық режим орнығып, ұзақ жылдар сталинизм зобалаңы дәуірледі. 20-30 жылдары Қазақстанды басқарған Н.Ежов, Ф.Голощекиндер жүргізген саясат рухани дамуға көп зиян келтірді. Ең алдымен, сергелдеңге қазақ халқының оқыған зиялылары түсті. Бас көтерер азаматтардың бәрі қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың ішінде Абай ұрпақтары, туыстары да болды.   Тұрағұл Абайұлы (1876 – 1934) – Абайдың Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан сауат ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс сайлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған. 1917-1920 жылдары ол Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі қызметтер атқарған. Тұрағұл бала жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан Абайдың әрбір өлеңі қай кезде қа